Негізгі мәселе: Мақалада қазақ лексикографиясының қазіргі жайы мен даму бағыттары қарастырылады. Қазіргі заманғы лексикография салаларының мақсат-міндеттері мен мүмкіндіктері анықталып, сөздік түзудің ғылыми-теориялық және практикалық негіздері сипатталады. Мақсаты: Лексикография теориясы мен практикасының дамуы лексикографияны тіл білімінің жеке саласы ретінде тану, сөздіктерді құрудың теориялық негізін жасау, сөздіктердің жалпы типологиясы, сөздіктердің макро- және микроқұрылымын анықтау сияқты қажеттіліктерден туындайды. Сондықтан мақалада қазақ лексикографиясының тәжірибесін қорыта отырып, оның жалпы теориялық мәселелерін, даму бағыттарын анықтау, тіл ғылымындағы орнын көрсету мақсаты көзделген. Әдістері: Зерттеу барысында сипаттамалы әдіс, анализ, синтез жасаудың әдіс-тәсілдері қолданылды. Нәтижелер мен олардың маңыздылығы: Қазақ лексикографиясының жалпы теориялық, құрылымдық мәселелері зерделенетін ғылыми еңбектерге, қазақ лексикографиясының тарихы бойынша жасалған зерттемелерге, сөздік түзудің тәжірибесі мен ғылыми негіздері қарастырылатын зерттеу еңбектеріне қысқаша шолу жасалады. Авторлар сөздіктерді жасау жұмысында, олардың сапасын арттырудағы лексикография теориясының маңызын, сөздік бірліктерді сөзтізбеге сұрыптап алуда басшылыққа алынатын ұстанымдар құрамын, олардың қызмет ету ерекшеліктерін, зерттеу нысанына сәйкес сөздік түрінің сөзтізбесіне алынатын тілдік бірліктердің сандық және сапалық құрамын, қазақ лексикографиясының теориялық және практикалық мәселелерін, қазақ тілінің сөздіктерін жасаудың ғылыми- теориялық негіздерін белгілеп, оның сөзтізбесін түзудің құрылымдық ерекшеліктерін анықтайды. Сөздік түзудің ғылыми негіздерін, олардың сөзтізбе құрамы мен құрылымдық ерекшеліктерін зерттеудің таза ғылыми тұрғыдан да, қазақ тілін дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру тұрғысынан да маңыздылығын көрсете отырып, мақала авторлары сөздіктердің түзілу заңдылықтары мен сапасы тілдің қазіргі қоғамдағы қызметіне тікелей байланысты деген қорытынды жасайды. Қазіргі лексикографияның даму үрдісі кез келген сөздікке тән қасиеттерді зерттейтін жалпы лексикографияны және лексикографияның жеке бөлімдерін (оқу, терминологиялық, ономастикалық және т.б.) бөліп көрсетуге мүмкіндік береді. Жалпы лексикография типологияны қолдана отырып, барлық сөздіктердің жалпы (немесе статистикалық тұрғыдан басым) ерекшеліктерін белгілеуі керек, сонымен қатар сөздіктердің қызметі мен қолданылуының жалпы заңдылықтарын зерттеуі керек. Жеке лексикографияда сөздіктің белгілі бір түрінің ішкі құрылымын мен оны жасау әдістерін, сөздіктің белгілі бір түрінің тарихын, сөздіктің белгілі бір түрінің мақсаты мен адресатын зерттейтін бөлімдер болуы керек. Сондықтан лексикограф мамандар лексикографияның одан әрі дамуы болашақта сөздіктердің қолданыстағы түрлерін жетілдіру мен жаңа түрлерін түзуде, күрделі сөздіктердің пайда болуында және лексикографиялық қызметті компьютерлендіруде деп есептейді.
Мақала ашу
Аңдатпа:
Журналдың шыққан жылы:
Журнал нөмірі:
Тақырып: Гуманитарлық ғылымдар
Түйінді сөздер: лексикография, сөздік, сөздік түзу, сөздіктің метатілі, компьютерлік лексикография, электрондық сөздік