Аңдатпа:

Ауылшаруашылық жануарлары паразиттерінің түрлері мен формаларының әртүрлілігі, олардың өмірлік циклдерінің ерекшеліктері антипаразиттік препараттардың әртүрлі түрлері мен формаларын өндіруге негіз болып табылады. Ауылшаруашылық жануарларының паразиттік ауруларымен күресу кезінде маңызды шарттардың бірі ветеринарлық дәрігерлердің қолданылатын құралдардың әсер ету механизмін, олардың тиімділігін және сонымен бірге адам мен қоршаған ортаның қауіпсіздігін білуі болып табылады. Паразиттік ағзалардың жоғары патогенділігін, төзімділігін және олардың дәрілік препараттардың әсеріне бейімделу қабілетін ескере отырып, қолданылатын антигельминтикалық препараттардың, оның ішінде ветеринарлық қызметтер ұсынатын жаңа құралдардың тиімділігіне үнемі мониторинг жүргізу қажет. Бұл мақалада Павлодар облысы Ертіс ауданы Майқоңыр кентінде мал басын ұстау жағдайлары мен иммундық мәртебесін ескере отырып, "Ивермектин", "Ивермек", "Аверсект-1", "Аверсект-2", "Айвин" препараттарын қолдану тәсілдері, фармакодинамикалық және фармакокинетикалық қасиеттерін зерттеу нәтижелері ұсынылған. Ірі қара малды дегельминтизациялау және емдеу кезінде осы препараттардың тиімділігіне салыстырмалы талдау жасалды, оларды осы шаруашылық жағдайында қолдануға шектеулер мен ұсыныстар анықталды. Кең спектрлі осы препараттарды эксперименттік зерттеу асептиканың барлық ережелерін және қолдану жөніндегі нұсқаулықтарды сақтау шартымен жүргізілді. Аналогтар әдісі бойынша антигельминтиктермен өңдеуге жататын ІҚМ жас төлінің жалпы саны 150 басты құрады. Жануарларды антигельминтикалық препараттармен емдеу жылына екі рет-көктемде, наурыз-сәуір айларында жайылымға шығар алдында және қыркүйек-қазан айларында қораға шығар алдында жүргізілді. Сыналатын ірі қара малдың нәжісі сынамаларының гельминтокопрологиялық талдауы ҚР АШМ ВБжҚК РММ Павлодар облыстық филиалының Ертіс РВЗ-да овоскопиялық, флотациялық, ларвоскопиялық әдістермен жүргізілді. Бір жыл ішінде ірі қара малға дегельминтизацияны екі рет жүргізген кезде авермектиндер тобының антипаразиттік препараттарын қолдану тиімділігіне салыстырмалы талдау көрсетілген. Бұл препараттарды дегельминтизация және паразиттік аурулардың алдын-алу кезінде қолдану әдістері бойынша ұсыныстар ұсынылған, оларды қолдануға қойылатын талаптар анықталған.

Журналдың шыққан жылы: 2022
Журнал нөмірі: 1(85)