Аңдатпа:
Мақалада автор төтенше жағдай мен карантиндік шаралар жағдайында мемлекеттік сатып алудың құқықтық реттеу проблемаларын қарастырады. Мақсаты - елде төтенше жағдай және карантин режимінің енгізілуіне байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасында пайда болған өзгерістерді зерттеу болып табылады. Автор мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін қазақстандық заңнаманың жаңа нормаларына құқықтық баға береді және талдау жасайды. Мемлекеттік шекаралардың жабылуы, дағдыланған, жылдар бойы қалыптасқан экономикалық байланыстардың бұзылуы - мемлекеттік органдардың шаруашылық іс-әрекетіндегі ақаулықтарға әкелді. Орын алған барлық кемшіліктерге қарамастан, нарықта барлық қазақстандық өндірушілердің тауарларына сұраныстың артуы жағымды ықпал тигізді. Негіздемелік келісімдерді пайдалана отырып, енгізілген мемлекеттік сатып алудың жаңа тәсілі өз кезегінде қазақстандық тауар өндірушілердің өнімдерін кепілді өткізуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ жиі сатып алынатын тауарлардың импортын алмастыруға мүмкіндік берді.
Автор осы салада қалыптасқан тәжірибені зерттеу негізінде заңнамадағы ???новеллалардың??? көмегімен мүлдем әлеуметтік жаңа жағдайларда мемлекеттік сатып алу саласын құқықтық регламенттеудің ерекшеліктерін көрсетеді, сондай-ақ, төтенше жағдай және карантиндік шаралар кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу саласын реттейтін құқықтық нормалардың қолданылу ерекшеліктерін ашады.
ҚР Үкіметінің арнайы шаралар қабылдауы мемлекеттегі қаржы-экономикалық қатынастарды «тапсырыс беруші-жеткізуші» жаңа форматына көшіруге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта Үкімет қабылдаған шаралар 2020 жылдың соңына дейін ұзартылды. ҚР Үкіметі тарапынан көрсетілген шаралар төтенше жағдай мен карантиндік шараларды енгізу аясында туындайтын шығындарды барынша қысқарту мақсатында орта және шағын бизнес өкілдері үшін осы саланы реттеудің жеңіл құқықтық режимін енгізуге мүмкіндік берді. Мемлекеттік сатып алу жөніндегі істерді қараудың сот тәжірибесіне талдау жасауды ескере отырып, автор Қазақстанда карантиндік шаралар жағдайында, әдетте, тапсырыс берушілер тарапынан да, жеткізушілер тарапынан да бір типті бұзушылықтар орын алғанын атап көрсетеді.
Журналдың шыққан жылы:
2020
Журнал нөмірі:
3(79)