Аңдатпа:

Негізгі мәселе: «ОХМК» ЖШС селекционерлері күнбағыс гендік қорының коллекциясын сақтап, оның қалыптасуын жалғастыруда. 1972-2021 жылдар аралығында әр түрлі генетикалық бастапқы материалдан алынған тұрақты күнбағыс үлгілерінің гендік қорын одан әрі селекциялық жұмыста қолдану үшін тиімді қолданып, сақтау керек. Селекциялық жұмыстың сәттілігі көбінесе қолда бар гендік қорға байланысты болып табылады. Ол неғұрлым бай және алуан түрлі болса, экономикалық құнды белгілер мен қасиеттердің барлық параметрлері бойынша өндіріс талаптарына жауап беретін дақылдардың сұрыптары мен будандарын құру және тиімді жұмыс істеу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Сондықтан гендік қорды жинау, зерттеу, сақтау, сонымен қатар, оларға иммунологиялық талдау жасап, ауруларға деген төзімділіктерін тексеру – маңызды міндет болып табылады. Шығыс Қазақстан облысының күнбағыс алқабынан алынатын өнім елдің майлы дақылдардың жиналатын жалпы өнімнің жартысынан көбін құрайды. Ал агроценоздың өнімділігі вегетациялық кезеңнің ауа-райына байланысты, ол эпифитотикалық жағдайдың дамуын анықтайды және нәтижесінде әртүрлі ауру қоздырғыштарымен зақымдайды. Өсімдік ауруы бұл физиологиялық функциялардың бұзылуымен, өсімдіктің биологиялық ерекшеліктеріне байланысты қоршаған ортаның тікелей немесе жанама әсерінен құрылымдық ауытқумен, оның өсуіне кедергі келтіретін, экономикалық құндылығын төмендететін патологиялық процесс. Мақсаты: 2021-2023 жылдардағы Шығыс Қазақстан облысында қалыптасқан вегетациялық жағдайларға сүйене отырып, күнбағыс гендік қорындағы имидазол және сульфонилмочевина топтарының гербицидтеріне төзімді Rf гендері бар тозаңды қалпына келтіруші аталық үлгілердің ауру қоздырғыштарының түрлік құрамы мен зақымдану дәрежесін анықтау. Әдістері: далалық және зертханалық зерттеу әдістері. Нәтижелер мен олардың маңыздылығы: 2021 жылдан бастап сульфонилмочевина және имидазол гербицид топтарына төзімді будан алу мақсатында 161 күнбағыс үлгісіне 42 селекциялық белгілері бойынша сипаттамасы жасалып, ауру қоздырғыштарының түрлік құрамы мен үлгілердің зақымдану дәрежесі анықталды. Бұл деректер болашақта төзімді, әрі толерантты күнбағыс буданын алу үшін жүргізілетін селекциялық жұмыстар үшін негіз болып табылады.

Журналдың шыққан жылы: 2023
Журнал нөмірі: 3(91)